Арқалық қаласы әкімдігі білім бөлімінің

«Алпамыс» бөбекжай-балабақшасы

 

 

 

Балабақшаның меңгерушісі:  Садықова Роза Мәрзіқызы

 

 

С.Р.Мәрзіқызы ҚР Білім беру ісінің үздігі,  «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, тәжірибелі ұстаз. 35 жыл бойы жас ұрпаққа білім тәрбие нәрін сеуіп, мінсіз қызмет етіп келеді. Мамандығын шебер меңгерген Роза Мәрзіқызы өзінің жан-жақты білімді, білікті шебер ұйымдастырушы, үнемі шығармашылық ізденіспен білім-тәрбие мәселерін терең білетін  тамаша маман ретінде   ұжымның, ата-аналардың құрметіне,   жалпы көпшіліктің ықыласына бөлене білген жан.  Әрдайым өзінің еңбексүйгіштік, іскерлік, азаматтық қасиеттерімен ерекшеленіп, басшылық біліктілігімен өз ортасында ұжымның ұйтқысына, бүлдіршіндердің алғысына бөленген тәжірибелі іскер басшы. «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі, білікті басшы Садықова Роза Мәрзіқызының еңбегі көпке үлгі боларлықтай.

 

БАҚЫТТЫ БОЛАШАҚТЫҢ БАСТАУЫ

 

Едиресова Бакыткул Сартаевна

«Алпамыс» бөбекжай-балабақшасы КМҚК –ның екінші санатты әдіскері

Арқалық қаласы, Қостанай облысы

 

Мектепке дейінгі тәрбие – баланың жеке бас ерекшелігін  ескере отырып, дамытатын орталық. «Ұрпақ тәрбиесі – келешек қоғам тәрбиесі» деп дана халқымыз текке айтпаса керек. Өз халқын, Отанын сүйетін, нағыз азамат тәрбиелеу, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыратын ізгілік, адамгершілік, үлкенді құрметтеу, ұяңдық, пәктік сияқты халқымыздың асыл қасиеттерін жас буынның бойына сіңіру – бүгінгі мектепке дейінгі тәрбие беру ұйымдарының басты мақсаты.

Еліміздің бүгіні мен ертеңі деп білетін бүлдіршіндерімізді Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев назардан тыс қалдырмаған. Елбасы өзінің халыққа арналған дәстүрлі Жолдауында Мектепке дейінгі білім беру және тәрбиемен қамтылған балалардың үлесін 2020 жылға дейін 100%  қамтуға қол жеткізуді нақты  тапсырған болатын. Міне, соның айқын дәлелінің бірі Мемлекеттік «Балапан»бағдарламасының аясында Қостанай облысы, Арқалық қаласында 2012 жылдың қазан айында 110 орындық  «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасы ашылды. Жаңа үлгідегі бой көтерген балабақшада балалардың жақсы демалуына, сапалы білім мен тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Бөбекжай-балабақшада бүлдіршіндердің жас ерекшеліктеріне қарай 5 топ жұмыс істейді. Балабақша «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік бағдарламасы» бойынша  жұмыс атқарады.  

Күллі ғажайыптың ішіндегі ең тамашасы – жақсы тәрбиеленген ұрпақ, ендеше жақсы тәрбие ең алдымен балабақшада басталады емес пе? Әр үйдің кішкентай бөбектері мектепке дейін ата-анасының тәрбиесімен қатар өнер-білімге  баулитын балабақшада өсіп, тәрбиеленетіні анық. Сондықтанда бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар,

мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – педагогтердің міндеті. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналады.

Балабақша... Осы сөзді қайталап айтып көріңізші. Құлаққа қандай жағымды, анық, қарапайым естілетін сөз. Жасы үшке толар толмастан тілі былдырлап, томпаңдап келген баланы бауырына қысып, еркелету, ойнату қандай қызық. Әрбір сәбидің жүзін көргенде бақыттың базарында жүргендей күй кешесің.

Әр кәсіптің өз жемісі бар. Біздің жемісіміз – біз тәрбиелеп отырған бүлдіршіндер қазіргі заманға сай қабілетті және шығармашыл, өз бетінше әрекет ететін, бастамашыл, өз мүмкіндігін біліп, өз ойын іске асыра алатын, жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесін мақсат етіп қойып отырмыз.

Жас ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы, ел ертеңі. «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болады?» - деп А.Байтұрсынов айтқандай, мемлекетіміз де ұрпақ тәрбиесіне барынша назар аударып келеді.

Біздің жастар елімізді, жерімізді, тілімізді бүкіл әлемге паш етсін десек, жаңа заманға лайық етіп тәрбиелейік. Шәкірттеріміз көзге ғана емес, көңілге де қуаныш сыйлап, өміріміздің мәні мен сәніне айналсын.

Алдағы уақытта кішкентай бүлдіршіндеріміз биіктен көрініп, шың белестерді бағындыра берсін! Қоржынымыз жылдан-жылға үлкейіп, тола берсін! деген тілектемін.Бала тәрбиесін алдына басты мақсат етіп қоятын тәрбиеші әлі талайұрпақты тәрбиелеп, қанағаттандыратынын нық сеніммен айтқым келеді.